Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагері: Қытайда этникалық азшылық топтармен не болып жатыр
2018 жылдың көктемінде этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтті. Сайрагүл бұрын мұсылмандарға арналған лагерьлердің бірінде оқытушы болған. Кейіннен Швецияда босқын мәртебесін алған соң, ол қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі азаптаулар, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық туралы айтты.
Этникалық азшылық топтарға арналған идеологиялық қайта тәрбиелеу лагерьлері мәселесін халықаралық қауымдастық алғаш рет 2017 жылы көтерді. Ол кезде Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы ұсталған адамдарды қамайтын саяси тәрбиелеу орталықтары туралы мақала жариялады. 2018 жылдың қазанында BBC лагерьлердің барын растайтын зерттеу жариялады. Артынша Reuters "Мұсылмандарға арналған Қытай ГУЛАГ-ы жайлы зерттеу" атты мақала шығарды. Мақалада қамау орындарындағы жағдай мен азаптаулар, Шыңжаңдағы полиция режимі және аймақпен үзілген байланыс мәселелері көтерілді.
Халықаралық қоғамдастық Қытай билігін азшылық топтардың ұлттық бірегейлігін жойып, адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады. Ұйғыр қауымдастығы Үкіметтің іс-әрекетін мәдени геноцид деп атады.
Біз лагерь жайлы анықталған барлық ақпаратты жинап, Қытайдан келген екі этникалық қазақпен идеологиялық қайта тәрбиелеу, қорқыныш пен өсек-аян туралы әңгімелестік.
Кейіпкерлердің есімдері өзгертілді
Мәтін
ДАМИНА МУКИТАНОВА
Шыңжаң жайлы
Шыңжаң немесе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы — Қытай Халық Республикасының ең ірі аумағын алып жатыр. Бұрын бұл жер ұйғыр халқының иелігінде болды, 1760 жылы аумақты Шыңжаң әскери-әкімшілік бірлігіне айналдырды. Ал 1955 жылы ҚХР автономды бөлігі болды. Халықтың көп бөлігі — ұйғырлар, бірақ онда қазақтар, өзбектер, тәжіктер, татарлар және басқа да ұлт өкілдері тұрады.
Ауданда Қытайдағы мұнай, газ, көмір және т.б ең ірі қазба қорлары орналасқан. Бұл — елдегі барлық энергетикалық ресурстың 20%. Кейбір Орталық Азия елдерімен және Ресеймен ортақ шекараларға байланысты Қытайдың "Белдеу және жол" экономикалық бастамасында Шыңжаң маңызды орын алады.
Әлемдегі қазақтардың ең ірі диаспорасы, яғни 1 миллион 460 мыңға жуық қазақ Қытайда тұрады. Қытайдағы қазақтар — Кеңес Одағы жылдарында ұжымдастыру кезеңінде қоныс аударғандар немесе Қазақстаннан алынып, Қытайға қосылған (Алтай, Тарбағатай аудандары, Іле, Құлжа, Еренқабырғы, Баркөл-Құмұла аудандары) аймақтарда тұратындар.
Олардың 92%-ы ана тілінде білім алды, 79,6%-ы өздерінің этникалық тиістілігін өте маңызды деп санайды. Этникалық қазақтардың көпшілігі қытай тіліне қарағанда қазақ тілінде сөйлейді.
Осыған дейін Қытай билігі қазақтарды Коммунистік партия билігін қабылдаған мұсылман тобының үлгісі ретінде қарастырды. Қытайдың жаңа саясаты жергілікті мұсылман қазақтарды қауіп деп санайды.