«Құрбан айтты биыл тойламаймыз» дейді түрік бауырлар
Мұсылман халқының ұлық мерекесі Құрбан айт жақындап қалды. Жылда бұл мереке ерекше тойланатыны баршаға аян. Алайда биылғы Құрбан айтты атап өтуге үлкен шектеу қойылатын түрі бар. Шектеу билік тарапынан ғана емес, әр адамның өз денсаулығына жауапкершілігі тұрғысынан қойылуы тиіс, әрине. Бұл мейрам түрік халқы үшін тіпті үлкен мереке саналады. Десек те, қазіргі пандемия кезінде түріктер мейрамды емес, бас амандығын алдыңғы орынға шығарыпты. Бұл туралы төменде біз тілдескен түріктің бірнеше азаматының пікірінен анық аңғарасыз. Ал біздегі Құрбан айтқа дайындық қалай?
Европа елдерін былай қойғанда, өзімізбен қандас, тілі мен ділі бір түрік бауырларымыз індеттен мейлінше аз адам шығынымен өтіп жатыр екен. Күнделікті ақпараттарына назар салсаңыз, жүз миллионға жуық халқы бар Түркиядағы вирустан көз жұмғандардың статистикалық көрсеткіші бізден әлдеқайда төмен.
Осы тұста «сонша халқы бар елдегі өлім-жітім көрсеткіші қалай төмен? Ал бізде неге көп?» деген заңды сұрақтың басы қылтияды.
Күні кеше Түркия Денсаулық сақтау министрі Фахретдин Қожа бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 942 болғанын, 14 адам көз жұмғанын өзінің Twitter-парақшасында жазды. Ал бізде өткен тәуліктегі жағдай бойынша жұқтырғандар саны 1472 адам, бақытымызға қарай егер осы мәліметке сенсек, бүгін қайтыс болған адам жоқ екен.
Десек те, екі апта бұрын Қазақстандағы жағдайды өзгелермен салыстыру мүмкін емес болатын. Қасым Жомарт Тоқаев үкіметке екі апта уақыт беріп, індетпен күрестің оң нәтижесі болмаса, тарайсыңдар деген соң ба, әлде расымен солай болды ма, әйтеуір қазір күн өткен сайын жағдай тұрақталып, науқастар мен өлгендер саны азая түсті. Халық қынадай қырылып жатқанда билік тарапы бірден халықты кінәлаған сыңайда ақпараттық шабуылға бет бұрды. Ал халық бар кінәні биліктен көрді.
«Ұят болады» деп жаназа, тойларға баруды әлі де тоқтатпай жүрген халық кінәлі ме, әлде пандемияға дайындығы болмаған билік кінәлі ме? Түркиядағы жағдай мен біздегіні салыстырып, саралауды оқырманның еншісіне қалдырдық.
Билік нені талап етті, соны орындадық
Илхан ДЕДЕ
зейнеткер, Анкараның тұрғыны
Түрік пен қазақ — бір халық. Тіпті, менталитетіміз де бірдей. Мәселен, біз эмоциямызды тікелей байланыс арқылы білдіреміз. Қолдасақ, арқадан қағып, разы болсақ, қолдарымызды ұстап дегендей. Алайда мынау ковид бізді осы әдеттерімізді дәл қазіргі пандемия кезінде азайтуға, тіпті тоқтатуға мәжбүрледі. Мәселен, біз үшін ұлық мереке саналатын ораза айты карантин кезімен тұспа-тұс келді. Бұл мейрамды атап өтпеу — әрбір түрік үшін мүмкін емес жағдаймен тең. Алайда биылғы ораза мейрамын әрқайсымыз үйде тойладық. Себебі билік тарапынан осындай талап жасалды. Біз орындадық. Содан болса керек, вирус қанша өршіп тұрса да, қазақ бауырларымыздың басына түскен нәубеттен түріктер айналып өтті.
Қазақ жерінде болып жатқан ауыр жағдайдан күнделікті хабардармыз. Өкінішті. Біздің тарапымыздан мүмкін деген барлық көмектесу іс-шараларына белсенді атсалысып жатырмыз. Өйткені біз түркілердің ұрпағымыз, біз — бір халықпыз. Әрбіріміздің амандығы бізге аса маңызды. Құрбан айтты отбасымызда ғана ырымын жасап, тойлаймыз. Жақындарымызға телефон соғып немесе интернеттен құттықтау жолдаймыз.
Министріміз тек халыққа пайдалы дүниені айтады
Хайретдин АЙДЕМИР
жеке кәсіпкер, Стамбұл
Наурыздың алғашқы аптасында Түркияда коронавирус жұқтырған бірінші адам анықталды. Десек те, Түрік билігі бұл індет пайда болды деген өткен жылғы күз айларында-ақ сақтық шараларына кірісе бастаған болатын. Қарапайым тазалық сақтау тәртібін әр күн теледидарда хабарлаған Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен басқа да лауазымды тұлғалар жерімізге бұл вирус келгенше-ақ халықты қауіпті індет туралы ақпармен толық хабардар етіп отырды.
Сонымен қатар, бізде таңертеңгі жаңа газетті ақтарып, теледидарды тәулік бойы қосулы ұстайтын әдет басым. Газет пен теледидардағы әрбір ақпаратты назардан қалт жібермей бақылап, өзімізше сараптап та отыратынымыз бар. Бәлкім содан болса керек, Түркияның басым бөлік халқы пандемияға мейлінше дайын болды.
Мәселен, Денсаулық сақтау министрі Фахретдин Қожа әр күн сайын бірнеше рет теледидарға арнайы шығып, еліміздегі ахуал мен алыс-жақын елдердегі жағдайдан ақпарат береді. Онымен ғана шектелмей, нені дұрыс істедік, нені дұрыс істемедік деген негізгі сұрақтарға да жауап беріп, халықтың аман сақталуы үшін жасалатын алдағы жоспарларын да ашық түрде бөліседі.
Қорыта айтқанда, түркиялықтар билік өкілдеріне сенім арта отырып, індеттен барынша аз шығынмен шығуға күш салып жатыр деп санаймын. Әрине, біздің елде де биліктің саясатымен, ұстанымымен келіспейтіндер жетерлік. Алайда ел басына күн туғанда түрік халқы да, билігі де, оппозициясы да ең алдымен халықты аман сақтау деген тудың астына біріге білді. Құрбан айтқа қатысты сұрағыңызға түбегейлі түрде «жоқ, айттамаймыз» дер едім. Қазір мереке қуып, айттап жүретін уақыт емес.
Яшар ЕРДАМАР
сәулетші, Қайсери
Бізде де бастапқы кезде карантин талаптарына немқұрайлы қараушылар аз болмады. Бұл жағдай көпке созылмады. Себебі, биліктің талабына қарсы келген адам жазасыз қалмайды. 65 жастан асқандар үйден шықпасын деген талапты орындамаған бірнеше қарияға айыппұл салынғаны сол екен, артынша жасы келген кісілер мүлдем көшеге шықпайтын болды.
Қазақ бауырларымыз сияқты бізде де «ұят болады» деген түсінік бар. Туысың мен достарыңның қуанышы мен қайғысына ортақтасу парыз саналады. Алайда пандемия кезінде «ұят боладыны» шетке ысырып, жаназаға көптеп жиналмауға тырысып жатырмыз. Ал той, жиын дегендер түбегейлі тоқтатылған. Пандемия — уақытша жағдай. Тойға баруға да, табиғат аясына отбасымызбен қыдыруға да алдағы уақытта үлгерерміз.
Қазір біздің мақсат — мынау зобалаңнан аман шығу ғана. Әрбір түрік осындай түсінікте деп сенемін. Билік тарапынан не айтылса, соны орындаймыз. Бәлкім, содан болса керек, Түркияда жастар емес, көбінесе, қариялар қайтыс болып жатыр. Аналар күні, әкелер күні сынды ерекше мерекелеріміз де биыл үйде тойланды. Алдымызда үлкен мейрам Құрбан айт келе жатыр. Өкінішке қарай, бұл мереке де отбасылық деңгейде, шағын ғана мейрам ретінде өтеді. Басымыз аман болсын ең бастысы, мейрамды келер жылы да тойлай жатармыз.
Халықты кінәлау — биліктің әлсіздігі
Мехмет АЙДЕМИЗ
құжат жасау бөлімінің маманы, Анталия
Менің жанымды ауыртқан ақпарат — ауруханаларда науқастарға орын жетіспеуі, аппарат жоғы және дәріханалардан дәрі таппай сандалған қазақ бауырларымыздың халі. Алыста болсақ та, Қазақстандағы жағдайды сырттай бақылап отырмыз. Сол жақта жұмыс істеп жүрген қаншама түріктің індеттен көз жұмғанын да білеміз, өкінішті. Сырт көз ретінде айтайын, меніңше қазақ билігі көршісі қытай індеттен қырылып жатқан сәттен бастап сақтық шараларына кірісуі керек еді. Кешікті. Ал ендігі жерде карантин талаптарын сақтамады деп халықты кінәлау орынсыз дер едім. Билік мықты болса, кез келген зұлматты халықпен бірге жеңіп шыға алады. Ал Құрбан айт мерекесінде биыл айттамаймыз. Өйткені денсаулық бәрінен де маңызды деп санаймын.
Құрбан айтта ағайынды аралаймыз ба?
Бейбіткүл ҮСЕНҚЫЗЫ
зейнеткер, Түркістан облысы
Ағайынның ортасында отырған соң, Құрбан айтта бір біріміздің үйімізге барып, айттаймыз ғой, әрине. Ел ішінде отырған соң, бір есік, бір терезе болып отыру мүмкін емес-ау. Сен бармасаң да, сені іздеп келеді айтшылар. Сосын айттық шайға шақырса, бармай отыру ұят қой, ыңғайсыз емес пе?!
Әсия ӘШЕНОВА
зейнеткер, Түркістан облысы
Құрбан айт күні әкемнің қырық күндік асын беруді жоспарлап отырмыз. Алматы, Астанадағы ұлдары міндетті түрде келеді деп ойлаймын. Әрі Құрбан айт, әрі әкемізге дұға бағыштаймыз ғой. Бірақ бұрынғыдай көп адам жинала қоймас. Ағайындар мен өз отбасымыздың арасында өткіземіз деп отырмыз.
Ділмахамбет БЕКТАЛЫ
мұғалім, Алматы облысы
Жоқ, айттамаймыз. «Ұят боладының» уақыты емес қазір. Сол «ұят болады» деген түсінікпен бір ай бұрын ағайынның тойына барғанмын. Сол тойға қатысқан жұрттың тоқсан пайызы ауырдық. Ол аз десеңіз, сол тойға қатысқан өзім танитын алты адам пневмониядан көз жұмды. «Ұятсыз екенсің» деп адамдар менен теріс қараса да, ендігәрі жиындарға бармаспын. Ұятты басқа жағдайда сезінейікші, осы! Тойға, жаназаға барып, ауру жұқтырып, өзгенің өліміне себепші боламыз. Міне, нағыз ұяттың көкесі сол!
P.S. Биылғы ораза айтында еліміздегі карантин талаптары жеңілдетілгені есте. Карантин талаптарының жеңілдетілуін қалай ұққаны белгісіз, сол кезде жұрт жапа тармағай айтшылап кеткен еді. Соның салдары ма, белгісіз, артынша өкпе қабынуы дертінен көз жұмғандар саны күрт өсті. Алдағы демалыстарда Құрбан айт мерекесі келе жатыр. Бұл жолы да айтшылап, ағайынды аралап кетсек, тағы да індет құрбандарының санын еселеп көбейтіп алмаймыз ба деген қауіп басым. Бәлкім, басқа ұлттар секілді биылғы Құрбан айтты біздің де отбасы ошақ қасында ғана атап өткеніміз өзіміз үшін әлдеқайда пайдалы шығар, сіз қалай ойлайсыз?
Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз
МӘТІН: Меруерт Хусаинова
МҰҚАБА: Kiana Aein