QazaqshaМен РФММ-да оқыдым
Дисклеймер: Аударма 2017 жылдың 25 қыркүйегінде шыққан материал бойынша жасалды.
Әр адамның өміріндегі маңызды кезеңді қамтып, баланың мінезін, мақсаттары мен армандарын қалыптастыруда мектептің рольі зор. Қазақстанда жеті мыңға жуық жалпы білім беретін мекеме бар. Солардың бірі — бәсекеге қабілетті РФММ мектебі. The Village Қазақстан редакциясы физматтың түлектерімен мектепке түсу тәртібі, медальдар мен мектеп құндылықтары жайлы сөйлесті.
Анықтама: «Республикалық Физика-Математика Мектебі» (РФММ) 1972 жылдың 16 қазанында ашылды. Ол сегізінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін білім береді. Оқу тегін, бірақ ақылы бөлімі де бар. РФММ Қазақстанда математика бағытында білім беретін мектептердің арасында көш бастап тұр. Оның түлектерінің арасында Кәрім Мәсімов, Тимур Құлыбаев, Қайрат Келімбетов, Аркадий Волож, Әнуарбек Сұлтанғазин сынды танымал адамдар бар. Сайты — fizmat.kz
Данабек Қалиаждаров
Лауазымы: бас прокуратура жанындағы статистика және арнайы есепке алу комитетінің талдаушысы
Мен математиктердің отбасында дүниеге келдім. Әжем мен атам ұстаз болған. Ағам, әпкем, әкем физмат мектебінде оқыды. Сол себепті математика пәнінен жақсы нәтиже көрсетуім таңғаларлық жағдай болмады.
Жалпы орта мектепте алтыншы сынып оқып жүргенімде түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Жетінші сыныпта ата–анам келесі жылы физматқа түсетінімді айтты. Мен қарсы болмадым. Олар тіпті басқа мектептерді қарастырмады. Отбасылық дәстүр бойынша физмат мектебіне түсетінім белгілі еді. Түсе алмай қаламын деген ой да болған жоқ, тіпті еш уайымдамадым.
РФММ-ге түсу тәртібі бүгінгі күнге дейін сол күйі сақталып келеді. Бірінші тур математика пәні бойынша жазбаша емтихан түрінде өтеді. Бұл емтиханнан «құладым» десем де болады, себебі 10-ның тек алты ұпайын жинадым. Сондықтан қалған экзамендерге дайындығымды күшейттім. Нәтижесінде 45-тен 41 ұпай жинап, үздік он оқушының қатарына іліктім.
Лицейдегі олимпиадаларға қатыса бастағанымда қазіргідей жүйелі дайындық болған жоқ. Ол кезде физмат үшін республикалық олимпиадаларда 50 медаль алу — арман. 2002 жылы алғаш рет математика бойынша тьютор (оқытушы) Қайрош Бексеитович Мякишев шақырылды. Содан олимпиада резервін жаттықтыру басталды.
Біз жүлделі орындарға ие бола бастадық. 2003 және 2004 жылдары республикалық олимпиадада қола жүлдегер атандым. "Жібек жолы", АТМО олимпиадаларына (Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасы), қалалық турнирлерге қатыстым. Осы күндері мектепте аңыз болып айтылатын олимпиада қозғалысы дәл сол кездері басталды. Оқушылар сабақтан соң мектепте қалып, арнайы шақыртылған университет оқытушыларымен бірге дайындалатын еді. Мектеп әкімшілігі кабинет беріп, кітаптармен қамтамасыз етіп, барынша қолдау білдірді. Біз 2004 жылы мектепті бітіргенде олимпиадаларға қатысқан оқушыларды әртүрлі медальдармен марапаттап, құрмет тақтасына суретін ілетін болды. Дәл сол уақытта біздің құрама Қазақстанның мықты командаларының үштігіне енді.
Ұрпақтар сабақтастығы да — біздің кезімізде қаланған құндылық. Біз кіші сыныптарға тек сабақта емес, қиын жағдайда да көмектесетін едік. Мысалы, Қарағандыда өткен олимпиадада біздің тоғызыншы сынып оқушылары мен ҚТЛ командасының арасында қақтығыс болды. Белгісіз біреу екі команданың автобустарының алдыңғы әйнегінде боғауыз сөздер жазып кеткен. Мұны кім және не үшін істегенін білмеймін. Қазақстан бойынша РФММ тек біреу, ал ҚТЛ көп. Қазақ-түрік лицейінің 300-ге жуық оқушысы кіші сынып оқушыларын қорғауға дайын болды. Біз де қалыспай, мектебіміздің оқушыларын қорғауға шықтық. Жағдай ушығып кетті. Кикілжіңнің арты төбелеске айналып кетпеуі үшін бәрін сабырға шақыра бастадық. Мектеп директоры мен олимпиада ұйымдастырушылары бұл жағдай жайлы білмеуі керек еді. Өйткені, төбелес қатысушыларын олимпиадаға қатысудан шеттетіп қоймай, мектептен де шығарып тастай алады. Сөйлесіп, бәрін бейбіт түрде аяқтадық.
Мектепте оқып жүргенімде «тезірек бітірсем, басқа жаққа кетсем» деген ой болмайтын. Керісінше, «өзімнен кіші оқушыларға көмектессем, білгенімді үйретсем» деген ынта-жігер пайда болды. Университет бітірген соң да физматтың оқушыларына олимпиадаға дайындалуға көмектесе бастадым. Информатика пәні бойынша біліктілігімді арттырып, екі жылдай РФММ-ның командасының жетекшісі болдым. Менің командам оқушылар арасында Жалпыресейлік олимпиадада 6-орынға ие болды. Кейін мектеп директоры және ХАТУ ректорымен (Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті) біргіп Халықаралық Жәутіков олимпиадасын (IZhO) өткізу орнын ұйымдастырдық.
Әрине, физмат мектебінде оқу оңай болмады. Көлемді және қиын үй тапсырмаларының кесірінен бос уақытымыз аз еді. Бірақ, мектепте алған білім болашақта жетістікке жетуге көмектесті. РФММ-дегі әр оқушы мектеп қоғамының маңызды мүшесі болды. Біз бір-бірімізден ерекше болдық әрі ортақ тұстарымыз да аз емес. Мектепте жылулық пен отбасы атмосферасы болды. Сол себепті достарымның көбі РФММ-нен. Әрқайсымыз мектепті ұмытпай, оған барынша көмектесуге тырысамыз. Өйткені, РФММ — біздің бүгінгі жетістігіміздің басты себебі.
Қайсар Тұрсынқожа
Лауазымы: білім беру жобаларының жетекшісі
Бітірген жылы: 2008
Әдетте оқушы кезіңде қай мектепте оқитыныңды өз еркіңмен таңдай алмайсың. Сен үшін отбасың шешім қабылдайды. Физмат мектебінде оқуды ағам ұсынды. Ағам «XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына қатысқан кезде физматтың оқушыларымен танысты. Оған олардың дайындығы мен білімі қатты ұнады. Ағамның жоспары бойынша мен достарымды тастап, комфорт аймағынан шығып, басқа мектепке ауысуым керек. Оған келіспедім. Қазір сол кезде қабылдаған шешімім өмірімдегі ең маңызды қадам болды дей аламын.
2004 жыл еді. Мен 7-сыныптамын. Ата-анам тестілеу жайлы білген соң, экзаменге дайындық басталып кетті. Тестілеу үш турдан тұрды: біріншісі — математика және физика пәндерінен қарапайым тест, екіншісі — математика бойынша бақылау жұмысы, үшіншісі — физикадан бақылау. Әрбір кезеңнен өту үшін белгілі бір ұпай беріледі. Өту ұпайының шегі қазақ немесе орыс бөлімдерінде оқитыныңа байланысты. Қалада оқыған балалардан алынған емтихан интернатта оқыған оқушылардікінен қиынырақ болған сияқты.
Әдетте жалпы орта мектептерде оқушыларды қабілеті бойынша саныптарға бөледі. Мысалы "А" сыныбына жоғары балл жинаған оқушыларды, ал "Б" сыныбы төменгі балл жинаған оқушыларды жинайды. РФММ-де әр сыныпта қала балалары мен интернатта оқыған балалардың саны бірдей болуы тиіс. Осылайша мен "Б" сыныбына түстім. Мен түскен жылы үш қазақ және үш орыс сыныбы қалыптасты.
Бәріміз жаңадан келгендіктен, мұғалімдер ешкімді бөліп-жармады. Ешкім сыныптастарының тарапынан дискриминацияға ұшырамады. Сыныптағы оқушылардың арасындағы қарым-қатынас керемет болды. Қатарлас және жоғары сынып оқушыларымен де жақсы тіл табыстық. Жоғары сынып оқушылары керек кезде бізді қорғап, мектепке үйренуімізге көмектесті. Үлкен, тату-тәтті отбасыдай болдық.
Сабақ кестесі сирек өзгеретін. Сабақ таңғы 8:30-да басталады. Алдымен сабақ бойынша сұрағы барлар келеді. Сабақтың ұзақтығы 45 минут. Үзілістің уақыты әртүрлі. Бірінші, екінші сабақтан соң 5 минут үзіліс болса, үшінші, төртінші сабақтан соң 20 минут демалдық. Алтыншы сабақтан соң түскі ас ішеміз. Күніне шамамен алты-жеті сабақ өтеміз. Кейде сегіз сабақ оқитын күндер де болды. Дегенмен, сабақ аз күндері ешкім үйге қайтуға асықпайтын еді. Көбі олимпиадаларға дайындалады, кейбірі қиын теоремаларды талқылап, үй тапсырмасын орындайды. Күнделікті берілетін үй тапсырмасы жаңа түскен оқушы үшін қиын болып көрінеді. Мұғалім үйге бір сабақтан 100 қиын есеп беруі мүмкін. Амал жоқ, тапсырманы орындайсың. Уақыт өте келе оған да үйрендік.
Мектепте негізгі пәндерге ғана (математика мен физика) көңіл бөлмейді. Басқа пәндердің мұғалімдерінің сұрауы бар еді. Негізгі пәндермен қатар ағылшын, география, тарих та маңызды болды. Әрине, басқа мектептерге қарағанда математика мен физикаға көбірек уақыт бөлінеді. Математика, физика, ағылшын, информатика сабақтарында екі топқа бөліндік. Жаратылыстану ғылымынан басқа да пәндерге көңіл бөлу — физмат мектебінің ерекшелігі. Біздің оқушылардың барлық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуының себебі де осында шығар. Бұл олимпиадаға қатысатын оқушыларды дайындау жүйесінің сапалы екенін көрсетеді.
Мектепте олимпиада үлкен бір қозғалыс іспеттес. РФММ-ге түсер кезде мектеп ішіндегі іріктеу олимпиадасына қатысасың. Бір оқушы өзін кез келген пән бойынша сынай алады. Олимпиада нәтижесі бойынша мұғалімдер жүргізетін қосымша сабақ алуыңа болады. Оқыту барысында қайтадан іріктеуден өтесің. Нәтижесінде бірнеше пән бойынша жақсы көрсеткішке ие болсаң, таңдау жасауың керек. Екі кеменің басын ұстай алмайсың.
Мен химияны таңдадым. Шешімді тез қабылдадым. Алдымен бәрі сияқты түрлі пәндер бойынша білімімді сынап көрдім. Бірақ математика мен физикадан менен білімді оқушылардың бар екенін түсіндім. Негізгі пәндермен қатар химия да маңызды болғандықтан олимпиадаға кешенді дайындық жүргізілді. Олимпиада резервіне іліксең, қосымша сабаққа қатысуың керек. Химия бойынша олимпиада құрамы жақсы болды. Үлкен дайындық жүргізілді: бізді ҚазМУ (ҚазҰУ) оқытушылары дайындап, лекциялар оқыды. Сонымен қатар, университет зертханасында талдаулар жасайтынбыз.
Жоғары сынып оқушылары бізге көмектесіп, қиын тақырыптарды түсіндірді. Тоғызыншы сыныпта оқығанымда олар бізге тапсырмалар беріп, күрделі есептерді шешуге көмектесті. Мектеп тарапынан да оқушыларға көмек көрсетілді, ынталандыру үшін ол барлық мүмкіндіктерді жасады. Маңызды олимпиадалардың қарсаңында бізді сабақтан босататын. Ең бастысы, барлық пәнге бірдей қарым-қатынас болды.
Физмат түлектерін әлемнің түкпір-түкпірінде кездестіресің. Олардың ішінде спортшылар, тарихшылар, мәдениет қайраткерлері бар
Біз тек есеп шығаратын робот болмадық. Оныншы сыныпта сабаққа дайындалу үшін интернатта бөлме берілді. Бөлмені мектеп бағдарламалаушылары мен информатиктерінің ноутбуктарын алып, шағын кинотеатрға айналдыратынбыз. Бір күні Роберт Земекистың «Беовульф» фильмін қарап отырған едік. Бас кейіпкер «Беовульф!» деп ұрандатқан сәтте физматтағы олимпиада қозғалысына жауапты мұғалім кабинетке кіріп келді. Информатиктер «біз жаңа бағдарламаны сынап отырмыз» деген сылтау айтқан еді. Мұғалім бұл өтірікке сенді деп ойламаймын. Шаршап жүргенімізде түсінгендіктен ол қатты ұрыспады.
Алғашқы оқу жылында біздің сыныптан республикалық олимпиадаға бес оқушы қатысты. Олардың үшеуі алтын және біреуі күміс медаль жеңіп алды. Алтын алғандардың бірі мен едім. Осы жеңістен кейін біраз босаңсыдым да, қосымша сабақтарға сирек қатыса бастадым. Оның орнына «XXI ғасыр көшбасшысы» сияқты бағдарламаларға еліктеп кеттім. 11-сыныпта олимпиадада тек 3-орын алдым. Физматта оқыған жылдары мен Минскіде Менделеев атындағы Халықаралық олимпиадаға және Якутияда «Туймаада»-ға қатыстым. Кез келген олимпиаданың механизмі қарапайым: «республикада» жеңсең, Қазақстан командасының құрамына еніп, халықаралық олимпиадаға қатысасың.
Физматтағы олимпиада қозғалысы мәдениетке айналды. Мектепті бітірсең де, қозғалыстың мүшесі болып қаласың. Университетте 2-курс оқып жүріп, оқушыларды олимпиадаға дайындаған кездерім есімде. Оқушыларың жетістікке жеткен кезде, олар үшін төбең көкке көтеріліп, қуанасың. Отанымыздың болашағы үшін бар білгенімді бөліскім келеді.
Назерке Жанабек
Лауазымы: Allpay IT-компаниясының бизнес үдерістері жөніндегі менеджері
Бітірген жылы: 2008
Ата-анам физматта оқитынымды айтқанда мен 13 жаста едім. Шешім отбасылық дәстүрге негізделіп қабылданды. Әкем, ағам мен әпкем РФММ-нің түлектері. Атам мектепте ұйымдастыру жұмыстарымен, дәлірек айтқанда, бүкіл қаладан дарынды балалар жиналатын физика-математикалық жазғы лагерді ұйымдастыруға қатысты. Дәріс пен тәжірибелік сабақтарды мықты физиктер мен математиктер өткізді. Оның ішінде Каринский, Блиев, Наурызбаев және Жәутіков бар еді. Менің атам да математиктер қатарында болды, ал әжем болса, алғашқы кездері мектепте сабақ берді. Сондықтан отбасының абыройы менің оқуға түсуіме байланысты болды.
Бұрынғы мектебімнен кеткім келмейтін. Достарым көп еді, мұғалімдер де мені қатты жақсы көретін. Физмат жайлы ойласам денем түршігетін. Қалай болса да өз мектебімде қалғым келді, алайда әжем ойымды өзгертті. Білімімді сынап, емтихан тапсырып көруімді өтінді. Қаламасам РФММ-ге түспеуіме болатынын айтты. Мен келістім.
Іріктеу қатаң жүргізілді. Бір орынға 20 үміткер болған. Оның үстіне әрбір оқушы — өз мектебінің ең үздігі. Кабинетте бәсекелестік сезілді. Ал «дарынды балалардың» ата-аналары шулап, бөгет жасады.
Экзамен басталды. Бірінші тур өтті. Ары қарай өту үшін белгілі бір ұпай жинау керек. Мен барлық сұраққа дұрыс жауап бердім деп ойладым, бірақ нәтижесі көңілімнен шықпады. Сөйтіп, апелляцияға бердім. Аз балл жинағанымды көру мен үшін қиын болды. Апелляциядағы қатал мұғаліммен кездесуге ата-анамсыз бардым. Сөйтсем, екінші жауап парағымды тексермеген екен. Жаңартылған нәтижелер бойынша қажет ұпайдан да жоғары балл жинаппын. Екінші кезеңде де екінші жауап парағы тексерілмей қалған. Бірақ апелляцияға кешігіп қалдым. Соңғы емтихан шешуші еді. Апелляцияда бір ұпайымды қорғап шығып, РФММ-ге түстім.
Әр физматшы бірінші жартыжылдықта өзін тұғырдан құлағандай сезінеді. Себебі сен енді сыныптағы ең ақылды оқушы емессің
Әр физматшы бірінші жартыжылдықта өзін тұғырдан құлағандай сезінеді. Себебі сен енді сыныптағы ең ақылды оқушы емессің. Жаңа сыныптастарымның бәрі бұрынғы мектебінде үздік болған. Ал физматта алғашқы «екілерін» алып, тоқсандыққа үшке шығатын еді. Олардың көбі жыл соңында мектептен кетті. 8-сыныпқа 40 оқушы болып түссек, 11-сыныпты 25 оқушы болып бітірдік.
Оқу барысында мектептің ырғағына көбі бейімделе алмады. Ресми түрде төрт тоқсан болды, бірақ біз семестр бойы оқыдық. Интернаттағы балалар туған-туыстарымен бір ай демалуы үшін демалыс жарты жылда бір рет беріледі. Біз қарапайым оқушылар сияқты демалмайтынбыз, кейде бұл әділетсіз болып көрінді. Күн сайын сабақ 8:30 басталды, бірақ көпшілігі одан бұрын келеді. Мен 7:40-та келетін едім, тіпті қолымда кабинеттің кілті болды. Сағат 7:50-ге жақын интернаттағы балалар келе бастайды, 8:00-ге таман қалғандары жиналады. Дәл осы кезде ең қызық сәт басталады: біз жарты сағат ішінде бір-бірімізден үй тапсырмасын көшіретін едік!
Тапсырмалар қиын болғандықтан көшіруге тура келді. Әр пәнге көңіл бөлу керек. Бізге алгебрадан 100 есеп, геометриядан 50 есеп және физикадан 70 есеп беретін кездер болды. Бұл сабақтарды күнде өтетіндіктен, тапсырмаларды қатарынан орындау керек. Негізгі емес пәндерден де 50 тапсырма беріледі. ҰБТ-ға дайындық барысында қазақ тілінен аптасына бес шығарма жазғанымыз есімде.
ҰБТ біз үшін көңіл көтеру мен сабақтан қашудың жолы еді. Мектептен кейін тестілеу орталығына барып, бір-бірімізбен жарысатын едік. Кейде әрбір дұрыс емес жауап үшін біреу шоколад немесе мармелад алып беретін.
РФММ оқушылары күн сәулесін көрмейтін, сабақтан басқа ештеңені білмейтін "оқымысты" сияқты болуы мүмкін. Бірақ біз де ғашық болдық, жасөспірімдер сияқты жыладық, күлдік. Бізде де проблемалар болды
Біз әртүрлі болдық. Бірақ мектепте интернат оқушылары, қала балалары, қазақ немесе орыс бөлімдері болып бөлінбейтінбіз. Әрине, интернатта балалар бірге өмір сүргендіктен, бір-біріне жақын еді. Мұғалімдер тарапынан гендерлік кемсітушілік сезілмеді. Ұлдар мен қыздардың нәтижелеріне бірдей қуанады. Дегенмен, қыздарға немен айналысудың қажеті жоқ, қандай салаға «бармаған жөн» екенін айтатын ұстаздар да болды.
Барлығы сияқты мен де физматтың оқушысы атанған соң, мектептегі іс-шараларға белсене қатыстым. 8-сыныпта мені олимпиадаларға және ғылыми шараларға шақыра бастады. Өзімді бұл бағытпен байланыстырғым келмеді. Оның орнына мектептегі қойылымдар мен жарыстар ұйымдастыруды таңдадым.
РФММ оқушылары күн сәулесін көрмейтін, сабақтан басқа ештеңені білмейтін "оқымысты" сияқты болуы мүмкін. Бірақ біз де ғашық болдық, жасөспірімдер сияқты жыладық, күлдік. Бізде де проблемалар болды. Емтихандарда бір-бірімізден көшіріп, шпаргалка қолдандық. Бір күні физикадан емтихан тапсыру үшін «гармошка» сияқты шпаргалка дайындадым. Қағазды резеңке белбеудің ілгегіне тығып кабинетке бірінші болып кірдім. Себебі бірінші болып кірген оқушыларды мұқият тексермейді. Тақтаға шығып, жауап бере бастағынымда белбеуім шешіліп кетіп, қағазым мұғалімнің алдына түсіп қалды. Еш сыр білдірместен қағазды жерден көтеріп, жауап беруді жалғастырдым. Мені «бетпақтығымның» арқасында жазаламады, тіпті бес деген баға қойды.
Соңғы екі жылда мектепте оқушыларды қоғамдық рейтинг бойынша бағалай бастады. Рейтинг мектепке кіретін есік алдындағы тақтаға ілінді. Нағыз бәсекелестік осы рейтинг енгізгеннен кейін басталатын. Оқушылар емтихан кезіндерінде рейтингке сәйкес отырғызылды. Озат оқушылар бөлек, нашар оқитын оқушылар бөлек отыруы керек еді. Мұғалімдердің ойынша, бұл бір-бірінен көшіру мүмкіндігін азайтуға көмектеседі. Бірақ оқушылардың көшіруіне бұл еш кедергі келтірмейтін. Мысалы, бірде үздік оқитын сыныптасым бақылау жұмысын тез аяқтап, мұғалімге білдіртпей нашар оқитын оқушылардың кабинетіне есептің жауаптарын қалдырып кеткені есімде.
Келесі жылы физматты бітіргеніме он жыл болады. Жыл сайын сыныптастармен қарым-қатынасымыз әлсіреп жатыр. Қазір жанымда мектептен бері дос боп жүрген жақын құрбым бар. Ал қалғандармен тек әлеуметтік желіде доспын. Бұрын жиі жиналатын едік, бірақ уақыт өз билігін жүргізіп жатыр ғой.
Физматтың түлегі ерекше болады. Бұл мектепке түсу — менің өмірімдегі ұмытылмас тәжірибелерімнің бірі. РФММ — менің бойымдағы күмән мен сенімсіздікті жеңудегі алғашқы ұстазым. Күн сайын жақсы, ақылды, табанды және күшті болуға тырысасың. Кез келген жағдайға бейімделіп, мәселелерді ерекше жолдармен шешесің. Бұл қасиеттер маған алдағы өмірде де, болашақта да қажет болады деп ойлаймын.
Айдар Булатов
Лауазымы: физика пәнінен олимпиада есептерін құрастырушы және қазылар алқасының мүшесі
Бітірген жылы: 2010
Мен Астанаданмын. Жергілікті мектепте оқыдым. Физмат жайлы ешқашан естімедім. РФММ деген қорқынышты аббревиатураның мағынасы не екенін де білмедім. Ауыл аймақты аралап, дарынды балалар арасында тестілеу өткізіп жатқан комиссия болмағанда, физмат жайлы білмей өтер едім.
Тестілеу кезінде 7-сынып оқитынмын. Емтиханда математикадан 30 тапсырма, физикадан 20 тапсырма берілді. Екінші кезеңде IQ-деңгейді анықтауға бағытталған логикалық сұрақтарға жауап бердік. Жалпы 160 сұрақ қойылды. Астанада тапсырған оқушылардың тізімінде бірінші орында болдым. Бұрынғы мектебім менің нөмірімді бергісі келмеді. Сол себепті комиссия ұзақ уақыт бойы менімен байланыса алмады. Көшпелі комиссия Алматыға қайтуы керек еді, сондықтан бір мұғалім мені іздеп табу үшін Астанада қалды. Бұл физика мұғалімі еді. Кейін ол кісі менің сынып жетекшім болды.
Бұрынғы мектебім менің нөмірімді бергісі келмеді. Сол себепті комиссия ұзақ уақыт бойы менімен байланысқа шыға алмады. Көшпелі комиссия Алматыға қайтуы керек еді, сондықтан бір мұғалім мені іздеп табу үшін Астанада қалды
Егер алматылық оқушылар бізді "интернаттықтар" деп атаса, біз оларды "қалалық" деп атадық. Бұл — физматтық сленг. «Қалалық», «интернаттық» болып бөлінсек те бәріміз тең болдық, ешкім қысымға ұшырамады. Сөз таластыруға уақыт болмады. Себебі күн тәртібі минутқа дейін жазылып қойған.
Таңғы жетіде ұйқымыздан оянып, сегізге дейін ас ішеміз. Түске дейін оқып, содан кейін футбол немесе үстел теннисін ойнаймыз. Түстен кейін мектепке қайта оралып, кешке дейін үй тапсырмасын орындаймыз. Кешкі ас ішіп болған соң интернатқа қайтамыз. Интернатта әркім өзінің шаруасымен айналысады, бірақ көбі сабақ оқитын еді.
Қазір қалай екенін білмеймін, біздің кезімізде күндеріміз қызықты оқиғаларға толы еді. Физматта тек «ақылдылар», «оқымыстылар» оқиды деген жалған түсінік бар. Олай емес. Физмат оқушылары жан-жақты. Олардың ой-өресі кең. Олар ән айтады, билейді, спортпен белсенді түрде шұғылданады әрі әзілдегенді жақсы көреді. Оқушылардың бәрі сабақ пен түрлі іс-шараларды қатар алып жүру үшін күш пен уақыт табады.
Біз үшін оқу қиын емес еді. Достарымен бірге олимпиадаларға дайындалу мен үшін әрдайым қызық болды. Жарыстарға дайындық 8-сыныптан басталды. Мектепке түскеннен кейін мұғалімдер бізді жіті қадағалап, іріктеу жүргізді, мықтыларды таңдап, дайындықты бастады. Әдетте түскі астан кейін аптасына бірнеше рет қосымша сабақтар жүргізілді. Бізбен мектебіміздің түлектері, олимпиада жүлдегерлері және арнайы жаттықтырушылар жұмыс істеді. Әрине, университеттен де оқытушылар келді. Дегенмен, негізінен «үлкеннен кішіге» жүйесі бойынша дайындалдық. Менің ойымша, бұл жүйе әлдеқайда өнімді болды. Өзім де лицейді бітірген соң физматшыларды олимпиадаға даярлай бастадым. Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады және түлектер мектеппен байланысын үзбейді.
Барлығы қорқынышты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде дайындықтар өте көңілді өтетін. Біз әрқашан бір-біріміздің жанымыздан табылып, көмек қолын созуға әзір едік. Кез келген проблеманы бірге шешіп, бірге күліп, қуанып, әңгімелесіп, біртұтас отбасыдай боп кеттік. Бойымызда физмат рухы беки түсті. Бұл рух барлық түлектің бойында бар. Мектепті бітірген соң түлектердің өмірлік дос болып қалуының сыры осында шығар. Мысалы, физматта бірге оқыған сыныптастарым — әлі күнге дейін ең жақын достарым.