Qazaqsha«Маған назар аудармасаңдар, мен өз-өзімді өлтіремін»: Психологтар еліміздегі балалар суициді туралы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2015 жылғы есебі бойынша, Қазақстан ересектер арасындағы суицид саны бойынша әлемде 4 орында.

Балалар суициді бойынша ресми статистика жоқ. ҚР Бас прокуратурасының есебіне сүйенсек, 2015 жылы жасөспірімдер арасында 201 суицид оқиғасы тіркелген. Суицидтің алдын алудың тиімді тәсілі болмай тұр. Мамандар лайықты жолын іздеуде, бірақ нәтижесіз. Жағдай өзгереді ме? Суицидтің алдын алу тәсілдері, себептері, балаларға көмек көрсету туралы психологтармен сөйлестік.

Мәтін

Акбота Сабетова

Иллюстрация

АЙГАНЫМ ЕРЖАНОВА

Марина Никитина,

отбасылық психолог, гештальт-терапевт

Қазақстан Рспубликасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің суицидтің алдын алуға арналған жобаны сатылап енгізу туралы бұйрығынан кейін мектептерде жаппай түсініспеушілік басталды. Мектеп психологтары мен әкімшіліктен суицидтің алдын алу бойынша есеп тапсыруын талап етілді. Психологтардың басы қатты: біреулері мектепте өзін-өзі өлтіруге бейім 5 қана оқушы бар десе, басқалары бұның аз немесе көп екені жайында дауласты. Мектеп психологтары суицидпен жұмыс жасауға мамандандырылмаған, бұл мәселемен күресу үшін, олардың кәсіби білімдері жоқ.

Суицид оқиғаларымен арнайы оқыған психиатрлар айналысады. Олар ерекше жағдайдағы адамдармен жұмыс жасап, дәрі-дәрмек тағайындайды. Психиатр дағдарыс жағдайындағы баланы қалыпты жағдайға келтіруге көмектеседі, ал психолог бұның себептерін анықтайды.

Мектеп психологтары суицидпен жұмыс жасауға мамандандырылмаған, бұл мәселемен күресу үшін олардың кәсіби білімдері жоқ


Суицид туралы

Әдетте балалар өзін-өзі өлтіру әрекеттерін 11 жастан кейін жасай бастайды. Оған дейін балалар ата-анасына жақынырақ болады, барлық ойларымен бөліседі. Есею кезінде, әсіресе арадағы эмоционалдық байланыс жоғалғанда, жасөспірімдер ата-аналарынан көмек сұрауға, өз сезімдері туралы айтуға ұялады. Бұл жастағы балалар ересек адамның көмегі қажет болып тұрса да, мәселені өздері шешуді қалайды. Жасөспірімдер «өзің кінәлісің» деген сөзді естуден қорқып, басқалардан көмек сұрауға ұмтылмайды.

Өзін-өзі өлтіруге дайын болу – жан дүниесінің адам төзгісіз ауруы. Суицид – адамның қауіпсіздікке деген негізгі қажеттілігі жойылған дағдарысты жағдаят. Ата-аналар баласын қорлағанда, ғайбаттағанда және олардан бас тартқанда, бала ақырындап қауіпсіздік сезімін жоғалта бастайды, ата-анамен арадағы эмоционалдық байланыс үзіледі. Бала «Сен біздікі емессің, сен бізге ұқсамайсың. Сен неге басқалар сияқты емессің?» деген ойлар арқылы жасырын формадағы шеттелуді сезеді.

Бала «Сен біздікі емессің, сен бізге ұқсамайсың. Сен неге басқалар сияқты емессің?» деген ойлар арқылы жасырын формадағы шеттелуді сезеді

Себептері туралы

Әдетте ата-аналарға баласының үйде отырғаны, шуламауы, бұзық болмағаны жеткілікті. Бірақ олар балаларының қандай сайттарда уақыт өткізетінін, кімдермен араласатынын білмейді. Мүмкін, осы уақытта желі арқылы баланы біреу қауіпті істерге итермелеп жатқан болар.

Басқа да жағдай бар: қауіпсіздік сезімі бұзылғандықтан, үнемі қауіпті терең сезімдерді іздейтін балалар болады. Адреналин оларды әртүрлі ақымақтықтарға итермелейді: жолдағы экстремады жүріс-тұрысы, бірін-бірі қылқындырып ойнау немесе көліктің артына жабысу. Олар өз күштерін сынап көреді: «Қолымнан келе ме?». Бұндай балалар түпсанасында өмірмен қош айтысуға дайын. Бұған қазіргі балалардың көп уақытын компьютерлік ойындарға арнауы да әсер етуі де мүмкін. Ол жерде өміріңнен айрылу қорқынышты емес, себебі тағы да мүмкіндігің болады.

Экстрим аңсауды дұрыс салаға – спортқа бағыттау қажет. Сонда баланың физикалық жағдайы жақсарып, мінезі қалыптасады. Кейбір спорт түрлері қолжетімсіз, сондықтан өздерін қоярға жер таппаған жасөспірімдер көшеде жүріп, көңіл көтерудің жолдарын өздері ойлап табады.

Ұл балалардың тәуекелге деген бейімділігі жоғары. Ал қыз балаларға психологиялық экстрим, эмоционалдық сілкініс қажет. Олар өздеріне қоршаған ортаның назарын аударту үшін ақымақтыққа баруға дайын. Он төрт жастағы қыз бала интернетте ер адаммен танысып, сөйлесіп, кейін оған порнороликтер түсіріп жіберген. Бала осындай қарым-қатынасқа қызыққанын айтады. Ол үшін оған біреудің назар аударуы – ересек болудың белгісі. Сол себепті бала ересек адамдардан келетін қауіпті сезбеген.

Бұндай жағдайда қаласаң да, қаламасаң да, терезенің алдында тұрасың – тығырықтан шығар жол тек осы ғана

Сондай-ақ, отбасы симптомы түсінігі бар, кейде себепті туыстардан іздеу керек. Ата-аналар мәселенінің бар екенімен келісіп, бала қанша ересек көрінсе де, ол 18 жасқа дейін бала болатынын түсінуі қажет. Көптеген әке-шешелер балалар әлі өз мәселелерін шеше алмайтын жаста оларға ерте еркіндік беріп қояды. Көптеген ата-аналар қиындық көріп өсті, өз өмірлеріне өздері жауапты болды. Оларға ешкім қамқор болған жоқ, сондықтан олар да балаларға қалай қарауды білмейді.

Ата-аналар аяқталмаған суицид — балалардың «Егер сендер маған назар салмасаңдар, мен өзімді өлтіремін» деген жан айқайы екенін түсінуге міндетті.

Бала дәрі қабылдаған кезде, оны құтқарып қалуға болады. Бірақ басқа жағдайларда тым кеш. Ушыққан кезде, зардап шегуші психиатрдың көмегімен емделеді, содан соң отбасылық терапия қажет. Бұл әке мен ана осындай жағдай қайталанбас үшін өзгеру керегін түсінгенде ғана өз нәтижесін береді. Балалар үлкендердің депрессиялық жағдайда болуын көріп, олардың іс-әрекеттерін қайталап, осыдан қиналады.

Бірде маған баласын қолынан жетектеп, «Бізді емдеудің қажеті жоқ, бізде бәрі дұрыс. Мына есерсоқты емдеу керек. Терезеге жақындап, секіремін деп қорқытады да тұрады» деп бір ата-ана келді. Баламен сөйлесе келе, отбасында барлығы тыйым салынғанын, әрбір қадамың бақылауда болатынын, үйден шығуға болмайтынын естідік. Бұндай жағдайда қаласаң да, қаламасаң да, терезенің алдында тұрасың – шығатын жалғыз жол осы ғана.


Бұндай жағдайда қаласаң да, қаламасаң да, терезенің алдында тұрасың – тығырықтан шығар жол тек осы ғана


Ольга Валевач, психолог

«SOS Детская деревня Астана» МЕБМ (мемлекеттік емес білім беру мекемесі) ұйымы

Мен тек жасөспірімдер суицидімен жұмыс жасадым. Суицидтің себептері өте көп: жабығу, реніш, қорқыныш, ашу және тағы да басқа жағымсыз эмоциялар. Бұл темпераменттің, ортаның, бастысы, адамдармен қарым-қатынастың ерекшелігінен болуы мүмкін. Егер бала достарымен, қарама-қарсы жынысты адамдармен, ата-анасымен тіл табыса алмаса, уайымдайды, өзін нашар сезінеді. Бұл жағдай оның басына өзін-өзі өлтіру туралы ой әкелуі мүмкін.

Кейбір балалар басқаларға қарағанда суицидке бейімдірек келеді деп айтуға болмайды. Барлығы өмірлік жағдайларға, баланың қалай қарым-қатынас орнататынына байланысты. Бірақ менің тәжірибеме сүйенсек, меланхолиялық темпераменттегі балалар суицидке бейімдірек. Мінез акцентуациясы деген де ұғым бар – бұл қандай да бір мінез сипаттарының шектен тыс шығуы. Егер балада акцентуация болса, онда ол тәуекел аймағында.

Іс жүзінде суицидке бай отбасындағы да, кедей отбасындағы да, әр түрлі әлеуметтік мәртебедегі, әр түрлі интеллектуалды деңгейдегі балалар барады.

Ұжымда дұрыс қарым-қатынас орната білу қажет. Егер баланы мектепте, сыныпта шеттетіп, ренжітіп, мазақтаса, бала өзін жаман сезініп, теріс ойларға ереді. Отбасында да солай: егер ата-анамен жақындық болмаса, бала тәуекел аймағына түседі.

Қалай алдын алуға болады?

Суицидтің әрқашан алдын алу мүмкін емес. Барлығымен қамтамасыз ете алатын мінсіз ата-аналар болмайды. Ата-аналардың өз сезімдеріне берілуі балаға жақын болуға кедергі жасайды. Егер көңіліңіз басқада болса, бала оны сезеді. Бірақ арада сенім бар кезде, ұрыс-жанжалдар қарым-қатынасқа соншалықты әсер етпейді.

Есіңізде сақтаңыз, кейде баламен бетпердесіз болу керек. Оны өзіңізбен тең көріп сөйлесіңіз, нені жақсы көретінін, қандай қызығушылықтары бар екенін сұраңыз. Бірақ бала көмек пен қолдауға зәру болған уақытта, ересек болыңыз.

Суицидке дейінгі және одан кейінгі өмір

Егер бала өзін-өзі өлтіру туралы ойласа, бұны бірнеше белгілерден байқауға болады: қажу, ашулану, әдеттегіге ұқсамайтын қылықтар. «Өмір сүргім келмейді, шаршадым, бәрінен қашып кеткім келеді» деп те айтуы мүмкін.

Егер бала өзін-өзі өлтіруге ұмтылса, ата-ана мамандармен байланысып, баланың жанында болуға тырысуы керек. Бұл жағдайға байлынып қалуға болмайды, бұдан қашу да дұрыс емес. Сабыр сақтап, оған оны әрқашан қолдайтын адамның бар екенін білдірту қажет.

Бірнеше жыл бұрын мекемемізде бір қыз бала күшті әсер ететін дәрі ішіп, өзін өлтірмек болды. Бұған бірнеше себеп әсер етті. Жасөспірімде мінездің демонстративті сипаты бойынша акцентуация болған, бұндай адамдарға көбірек назар аудару қажет: қыз бала қоршаған ортаның оны мойындауын қажетсінді, ол іс-шараларды ұйымдастыруды, көшбасшы болуды ұнатқан. Бұған қоса, асырап алған анасы мен туған анасымен түсініспеушіліктер болды. Үш жасынан бастап қамқоршы анасының тәрбиесінде болып, оған бауыр басып қалған. Соған қарамастан, ол биологиялық анасымен кездескісі келді.

Баланы туған анасымен жүздестірдік, бірақ олар тіл табыса алмады, сондықтан баланы үйімізге қайта алып кеттік. Жас қыз биологиялық анасын қатты жақсы көрді, бірақ оны қабылдай да, жіткезе де алмады. Осының бәрі асырап алған анасына деген жағымсыз қарым-қатынасқа ұласты. Әрине, анасы түсіністік танытты, дегенмен оның да шыдамы таусылып, «Сен неге маған ашуланасың, алдайсың, ұрысасың» деген кезі болды.

Бірде бұл жанжалға дейін барды, анасы қызды үйде қалдырып, сіңлісімен дүкенге кетеді. Қыздың ашуланғанын көріп, жалғыз қалып, сабырға келер деген ойда болған. Қайтып келгенде, баланың төсекте жатқанын көреді. Үстелде дәрілер шашылып жатады. Есін жоғалтпаған, бірақ дәрі әсер еткендіктен, қозғалар емес. Анасы дереу мекемеміздің үйлестірушісі мен жедел жәрдем шақырды. Оған дейін алғашқы көмек көрсетіп, балаға көп мөлшерде су ішкізіп, асқазанын шайып, сөйлесіп, тыныштандырады. Жедел жәрдем уақытында келіп, баланы ауруханаға алып кетеді.

Оқиғадан кейін бәрінің өмірі жалғасуда. Бала психолог пен психиатрдың қарауында. Ол әлі де туған анасымен бірге бола алмайтынын ойлап қамығады, асырып алған анасымен де жақын емес. Бірақ одан кейін өзін-өзі өлтіруге ұмтылмады, психологтар өз жұмысын жақсы атқарды деп айта аламын.

Біз тәрбиленушінің мінез-құлқына көбірек көңіл бөле бастадық. Оның ерекшеліктерін ескере отырып, оған ұнайтын нәрселерді ұсынуға тырысамыз. Ол мерекелерге белсенді қатысады, ән айтып, жүргізуші болады. Біз оның сұраныстарын қанағаттандыруға тырысқанымызбен, бұл әрқашан қолымыздан келе бермейді. Себебі ол экстраверт, қызуқандылық танытып, кейде тұрып, кетіп қалады. Біз ондайда ізінен жүгірмейміз, сәлден кейін ғана сөйлесуге тырысамыз. Осылайша тиімді жолды іздейміз.


Біз ондайда ізінен жүгірмейміз, сәлден кейін ғана сөйлесуге тырысамыз. Осылайша тиімді жолды іздейміз


Түсіністік туралы

Ата-аналардың балаларының сезімдерін айыптамай, оларды түсіне білуі қажет. Әдетте балаларға ашулануға, айқайлауға мүмкіндік берілмейді, бірақ бұл сезімдерден құтылу мүмкін емес. Отбасының барлық мүшелері бірін-бірі қабылдап үйренуі керек.

Эмоционалдық деңгейде қарым-қатынас орната алу маңызды. Байланыс әрекет деңгейінде ғана болғанда, қарым-қатынас бұзылады. Есікті тарс жауып, кетіп қалуға болады немесе «Мен ренжідім» деп айтуға болады. Екінші жағдайда ата-анаға жеңілірек болады, бала да бұл өткінші эмоциялар екенін түсінеді. Мені айыптап жатыр немесе мені жақсы көрмейді деген ойлардан алыс болады.

Сезімдерден қорықпау керек, олармен бөлісуге кеңес береміз. Егер бала мектептен ашуланып, қатты шаршап келсе, «Не болды? Кім ренжітті? Мұғалім ұрысты ма?» деудің орнына «Көңіл күйің түсіңкі ғой, біреуге ренжулісің бе?» деп сұрауға болады. Ал бала ары қарай сөйлескісі келмесе, ата-анасы оған әрқашан демеу болатынын айтып, ашылып сөйлесуге дайын кезде тыңдауға әзір екенін жеткізуіне болады.

Қазақстан туралы

Қазақстанда өмір сүру сапасының деңгейін арттыру қажет. Бұл суицидтік көрсеткішті төмендетуге әсер ететін негізгі фактор. Қазақстандағы балалар арасындағы суицидтің неліктен көбейгенін нақты айта алмаймын. Егер жай ғана суицид туралы айта берсек, оның саны азаймайды. Мәселені анықтап, уақытылы көмек көрсете алатын мамандарды даярлауымыз қажет. Отбасы институтын дамытуымыз қажет, себебі балалар әрқашан үлкендердің ісін қайталайды. Ата-аналарды балалар мен жасөспірімдердің негізгі психологиялық ерекшеліктері туралы ақпараттандыруды ұсынамын.

Алия Мамбеталина

психология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті

2012 жылы Ақтөбеде өзін-өзі өлтірмек болған 8 сыныптың оқушысымен жұмыс жасадым. Ата-анасы ажырасқан: әкесі Өзбекстанда, ал анасы басқа екі баласымен Таразда тұрады. Туған анасының жағдайы төмен, қызына көңіл де бөлмейді, үнемі ұрыс-керіспен өмір сүрген. Қыз бала жылулықты Ақтөбедегі әпкесінен көріп, сонда көшіп барады. Оған үй шаруасына көмектесіп, бала қараған ұнайды. Мектепте адамдармен жақсы араласып, достар табады.

Күтпеген жерден анасы хабарласып, оқу жылының соңында үйге қайтуын талап етеді. Бала қамқор отбасы мен жақын достарынан айрылып қалудан қорқып, өзін-өзі өлтіруге шешім қабылдайды.

Баланы әпкесі тауып алады. Әңгіме барысында жасөспірімнің көмек сұрағаны, басындағы мәселемен бөлісуге тырысқаны анықталды. Оқушы қыз қиналудан құтылудың жолын іздеген. Шешім бірден қабылданбаған: ол бұл туралы жарты жылдай ойланған. Қыздың айтуы бойынша, анасы да, әпкесі де қатал мінезді, сондықтан әрқашан өзін бақылауда ұстауға мәжбүр болған.

Қыз бала үнемі шаршауға шалдығып, депрессияда болды, тіпті жүйкесі сыр беруге шақ қалды. Біз оны невропатологқа және мектеп психологына емделуге жібердік.

Оқушы қыз бұны жайдан жай жасаған жоқ. Оның сыныбында бір бала өзін-өзі өлтірген. Ол баланың өмір сүру жағдайын әкесі жақсылап қамтамасыз етіп отырған. Бірақ әкесі басқа ауданда жоғарғы лауазымда жұмыс істегендіктен, баласымен бірге тұрмаған. Ал анасы үй шаруасымен айналысқан. Бірде кіші қызын ұйқыға жатқызуға кеткенде, бала жуынатын бөлмедегі ілмекке галстукпен асылып қалған. Анасы құтқарып үлгермеді.

Комиссия баланың сыныбындағы барлық суреттер мен психологтың жазбасын да тексергеннен кейін, ешқандай ауытқушылық байқамады. Бала үздік оқыған, бір күнде барлық сабақтан бестік алатын кездері болған. Бұл жағдайдан соң ата-анасы оқиғаның себебін таппай, қайғыдан есін жия алмады. Біз бала бұл мәселеге қатты қызуғушылық танытқан деген қорытындыға келдік. Жасөспірімге өмірмен айрылысатын адамдардың қандай сезімде болатыны қызық көрінуі мүмкін. Өмірден әбден жалыққан: үйдің жалғыз ұлы, еркелеп өскен. Кейде өмірде қиын сәттердің де болғаны дұрыс, себебі бар мүмкіншілік жасалып қойса, ештеңе қызықтырмайды, әрқашан одан әрі терең әсерлі сезімдерді аңсап тұрасың.