Алаяқтық жолмен алынған несиелер сотсыз есептен шығарылады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазақстандықтардың қандай жағдайда несиелері есептен шығарылатынын түсіндірді, деп хабарлайды LS.
"Алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер бойынша берешек сотқа дейінгі немесе сот тәртібімен есептен шығарылады. Егер несие азаматтың келісімінсіз рәсімделіп, ол биометриялық тексеруден өтпеген болса , мұндай қарыз сотқа дейінгі тәртіппен жойылады. Ол үшін азамат құқық қорғау органдарына өтініш беріп, тергеу тарапынан несиенің алаяқтық жолмен алынғанын растайтын қаулы алу қажет. Осы құжат негізінде берешек есептен шығарылады",- деді М. Әбілқасымова.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда банктер 1,4 мың қарыз алушының 1,5 мың несиесін, жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын берешегін кешірген. Бұл – азаматтардың өтініштері негізінде сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылған жағдайлар.
Сондай-ақ, агенттік басшысы биометрия қолдан жасалған жағдайда не істеу керектігін де түсіндірді.
"Егер биометриялық сәйкестендіру жүргізілгенімен, оның қолдан жасалғаны анықталса, алаяқтық дерегін сот арқылы дәлелдеуге тура келеді. Мұндай жағдайлар бойынша негіздер кеңейтілген. Ал несие азаматтың мүлде хабарынсыз рәсімделген болса, ол міндетті түрде сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылады. Бұл норма бар және оның орындалу тәртібі ІІМ-мен бірлесе бекітілген",- деп түйіндеді М. Әбілқасымова.
Бұған дейін, Қазақстанда несие мөлшерлемелерін төмендетудің жаңа тетігі әзірленіп жатқаны хабарланған болатын.
