Мені полицей тоқтатса, не істеу керек?


Жаяу жүрген тәртіп сақшылары сізді тоқтатқан жағдайда нені білгеніңіз жөн? «Ваш личный юрист» телеграм-каналының авторы Әділет Шуақбаев осы сұраққа жауап береді.

Сізді көшеде полиция тоқтатса

Бастысы, қорықпаңыз, ашуланбаңыз. Барынша сенімді және сыпайы жауап беруге тырысыңыз. Ұмытпаңыз! Полиция қызметкері өзін таныстырып, қызмет құжатын толық көрсетуі керек. Содан кейін сізді неге тоқтатқанын сұрасаңыз болады.

Егер полицей сізден құжаттарыңызды көрсетуді талап етсе, есіңізде болсын, ҚР «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңының 9-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әрбір азаматының өз жеке куәлігі болуы міндетті. Алайда ол жеке куәлігін өзімен бірге үнемі алып жүргуге міндетті емес. Егер құжат көрсетуге себеп жоқ десеңіз, оны көрсетуден сыпайы түрде бас тартсаңыз болады. Полиция қызметкері тек сіз заң бұзған жағдайда ғана жеке куәлігіңізді талап ете алады.

Полиция қандай жағдайда сіздің жеке заттарыңызды тексере алады?

ҚР Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 9 сәуіріндегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы» № 1 Нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес «жеке адамды тексеріп қарау және жеке адамның заттарын тексеріп қарау ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖАСАЛҒАН жағдайда ғана әкiмшiлiк құқық бұзушылық құралдарын не нысаналарын табу мақсатында жүргiзiледi».

Жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.

Полиция қызметкерінің әрекетін видеоға түсіруге болады ма?

Сіз полицейдің қызмет кезіндегі әрбір әрекетін видеога немесе диктофонға жазып алуға құқығыңыз бар. Заң бойынша тәртіп сақшыларын қызмет барысындағы әрекетін камераға түсіруге тыйым салынбаған. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 21-бабы бойынша тек мынандай істерді видеоға түсіруге тыйым салынады:

Егер де істе мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер бар болса;

Егер де істе бала асырап алу құпиясы қамтамасыз етілуі керек болса;

Егер де істе жеке басы, отбасы құпиясын, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, жеке тұлғалар өмiрiнiң ішкі сырлары туралы мәлiметтер сақталуы қажет болса. Адамды заңсыз тұтқынға алу бұл категорияларға жатпайды

Қандай жағдайда полицей сізді тұтқынға ала алады?

ҚР Конституциясының 16-бабына сәйкес әр адамның жеке бас бостандығына құқығы бар. Тұтқындау және тұтқында ұстау заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың санкциясымен ғана жүзеге асырылады. ҚР «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңының 6-бабының 1-тармағының 31-тармақшасы бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзғандарды ұстауға хақысы бар. Бірақ естеріңізде болсын, олар сізді санкциясыз да 72 сағатқа дейін қамауға ала алады. Әкімшілік тұтқында ұстау мерзімі — 30 күнге дейін, ал төтенше жағдайлар режимі талаптарын бұзғандар 45 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады.

Полиция қызметкерлері қандай жағдайларда сіздің саусақ ізіңізді ала алады?

ҚР «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңының 6-бабының 1-тармағының 31-тармақшасына сәйкес ішкі істер органдары күдіктілерді, айыпталушыларды, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан, ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұсталатын, профилактикалық есепке алынған адамдардың саусақ іздерін (дактилоскопия) ала алады. Тиісінше, егер күдікті болсаңыз, полиция сіздің саусақ іздеріңізді алуға құқығы бар.

Полиция қызметкерінің заңсыз әрекеті жайлы кімге арыздануға болады?

Сіз ҚР ӘҚБтК-інің 23-бабының 1-тармағына сәйкес құзырлы органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағым жасай аласыз. Ол үшін сіз прокуратура мен ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыздануыңыз керек. Арызда қандай заңсыз әрекетке тап болғаныңыз жайлы толық жазыңыз, сонымен қатар қызметкердің аты-жөнін, лауазымы мен куәгерлердің байланыс деректерін көрсетіңіз. Егер де тексеріс барысында сіздің сөзіңіз расталатын болса, сіз полицей қызметкерін сотқа беріп, одан сізге келтірілген материалдық және моральдық зиянның өтеуін талап ете аласыз.


Мұқаба: liter