Госутопия«Біз үлкен сеніммен көшіп келдік»: Үлкен тұрғындары өздері салған қаланың өмірі жайлы әңгімеледі

Үлкен — Балқаш жағасындағы қала типтес шағын елді мекен. Ол 80-жылдары осы жерде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік аймақтық электр станциясын салу жоспарланғанда пайда болды. Алайда МАЭС жобасы жүзеге аспады. Жақында Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім шықты. Әрине, қайда деген сұраққа билік назары бірден Үлкенге түсті. Алайда тұрғындар уәдеге құлақ аспайды. Оған себеп те көп.

The Village редакциясының «Госутопия» арнайы жобасы аясында Кирилл Каргаполов Үлкенге сапар шекті. 40 жыл бұрын Қазақстанның моноқаласы қалай пайда болуы керек еді және сол қала қалай дүниеге келді? Неліктен елді мекен оны тұрғызған тұрғындардың көзінше өле бастады? Осы материалда айтып береміз.

Мәтін авторы КИРИЛЛ КАРГАПОЛОВ

Фото авторы ОФЕЛИЯ ЖАКАЕВА

Тамара, зейнеткер

Қаланы салу үшін отбасымен көшіп келген

Үлкеннің құрылуы жайында

Сол кезде үйлерде бірнеше отбасы бірге тұрды — олар шағын отбасылық үйлер деп аталушы еді. Жұмыс деген қыруар, адамдар а сол себепті қалаға ағылды. Біз де күйеуім екеуміз де 80-ші жылдардың басында келдік, баламызбен бірге жылжымалы үйде тұрдық. Содан уақытша тұруға барак алдық, кейін алғашқы үйлер салына бастағанда үш бөлмелі пәтерге орналастық. Күйеуім үйлердің іргетасын қазды, мен кранда жұмыс істедім — осылай бірге қаланы салдық.

Жағдайымыз ол кезде жақсы болды, айлықты да жақсы төлейтін. Үйлер саңыраққұлақ сияқты тез өсті. Қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрген кез.Барлығы үйлерін тазалап, қоныс тойын тойлап, әрбір шаңырақта ән шырқалды. Дүкендер адамнан босамайтын, оның үстіне айлық та жақсы болды ғой, оның үстіне іс сапар шығыны да төленетін. Мұнда әсіресе Жаңа жыл қарсаңында ерекше көңіл күй орнайтын. Барлық мерекелер тойланды. Енді Жаңа жыл қарапайым ғана күн: шыршаны қойдың, қарадың, болды. Ал бұрын маскарад болды, бәрінің жүзінде — күлкі. Әрине, біз жақсы өмір сүрдік.

Жағдаймыз 2000 жылға дейін жақсы болды. Кейін бұл да бітті.Құрылыс аяқталды, қала қаңсырап қалды. Келген адамдардың барлығы жан жаққа тарады.Қазір жылдан жылға еститініміз — құр уәде. Біз мұнда әрбір тақтайшаны қалағанбыз. Қалаға менің, біздің еңбегіміз көп сіңді. Қазір қаңсыраған үйлерді көрсем, жүрегім ауырады.

Біз мұнда бірдеңе болады деген үлкен сеніммен көшіп келдік. Ал енді нәтижесін көріп отырсыз.Әйтпесе бөгет те жабылды, жылыту қазандығы салынды — барлығы МАЭС қосылғанын күтті. Бірақ ештеңе де ашылған жоқ.

Соңғы жұмыс күні мен қиындықтар жайлы

Бізге келіп ешқандай станция болмайды дегендері есімде. Жұмыстан шығып, соңғы айлығыма бес литр май мен үлкен пакеттегі шай сатып алдым. Үйге әр нәрсе алып, жақындарыма: «Болды, енді жұмыс істемеймін», — дедім.

Құрылыс алаңы жабылады деген сыбыстар болды. Бірақ біз сенбедік. Сонша ақша салынды, оны да аямайды ма? Өкінбейтіндері кейін екені белгілі болды.

Біз өзіміз әйтеуір қорықпадық, құрылыс алаңы жабылған соң тіршілігімізді жалғастырдық. Күйеуім қайтыс болды, мен жалғыз қайда барар едім? Сондықтан қалдық. Айтарлықтай қиындықтарды көрген жоқпыз. Аш отырмадық. Ақша жетті, жетпегенін тауып жүрдік. Әрине, шалқып өмір сүргеніміз жоқ.

Барлығы кете салысымен бос тұрған пәтерлерді тонай басталды. Көрші ауылдардан келіп, кірпіш, терезе, жақтау, арматура, тіпті сымдарға дейін тып-типыл жұлып алды. Ал оған кім не дейді? Енді ешкімге ештеңе керек емес.

Мен өзім балық аулауға кірістім. Балықты ұстап, қақтап, жолға шығамын. Тіпті, кейбірі балық сатып алу үшін қалаға іздеп келетін. Сатып алмаған кезде, біз балықты басқа нәрсеге ауыстырдық: мұнда, көктемде көкөністер мен жемістер тас жолда жиі тасымалданатын. Көл болмаса, бәріміз осында өлетін едік. Содан кәріздік сорғы станциясына (кәріз сорғы станциясы — Ред.) жұмысқа орналастым. Он жыл жұмыс істедім.

Қазіргі өмір жайлы

Құрылыс алаңы жабылғалы бері неше түрлі әңгіме болды: бірде атом электр станциясын саламыз, бірде жел электр станциясын саламыз, тіпті көмір станциясын саламыз деді. Қалағанын салсыншы, мұнда жұмыс болса болды. Енді бізге оның да керегі жоқ, бірақ жастар жұмыссыз жүр. Мұнда олар да балықпен айналысады, қызым да балықпен күн көреді, бірақ ол жақ суық, бәрі ауырады да жүреді. Күйеу балам екі апта сайын Жезқазғанға барады — сонда жұмыс істейді. Көбісі қытайларда жұмыс істейді (қытайлық мердігер компания құрылыспен айналысады. Жұмысшылардың бір бөлігі жергілікті, кейбірі ҚХР азаматтары — ред.), бірақ олар сонда алданып, жалақылары жиі төленбейді, демалыс күндері де жұмыс істеуге мәжбүр. Ол жерде қиын. Станция құрылысы басталса, бәрі қалыпты жұмыс істейтін еді. Дәл бұрынғыдай.

Біреулер қалада АЭС болғанын қаламайды, қорқады. Балқаш зардап шегеді деп қорқады. Чернобылды мысалға келтіреді. Бірақ онда бәрі адамның қателігінен болды ғой. Менің ойымша, қазір бәрі басқа деңгейде, олар АЭС-ты қауіпсіз етеді.

Бізден неге қала қаңсырап тұр деп сұраса, бұрын мұнда қаншалықты жақсы өмір сүргенін айтамыз. Бірақ олар енді түсінбейді

Енді қан тапсыру үшін де — Шығанаққа (Үлкеннен 20 шақырымдай жерде — ред.), не ауданға бару керек. Бүкіл ауылға — бір терапевт. Аудандық аурухана осы жерден 300 км жерде, ұзынағашта. Бұрын Ақсүйек пен Бірлікте болатын — сонда жетуге болатын еді. Зертхана да жоқ.

Он шақты жыл бұрын адамдар барит өндіретін Ақсүйектен келген. Көрші үйге көшіп, жөндеу жұмыстарын жасады. Кем дегенде, тағы бірнеше адам осында қоныстанды.

Қазір қайда барамыз — барлығына ақша керек, оны қайдан алуға болады? Мәскеуде туыстарымыз бар, бірақ пәтер сатып алу керек. Алматыға көшйін десек, онда да баға шарықтап тұр. Күтеміз енді, бәлкім осы жақта бір нәрсе тұрғызар. Басқа баратын жеріміз жоқ. Барсаң, пәтерің болуы керек.

Немерелерімізді бір жерге оқуға жібергіміз келеді. Сонда қалсын. Негізінен бұл жерден Ресейге оқуға барады, кейін сонда қалып жатады. Омбы, Томск — бізге ең жақын қалалар немесе Алматыға барады. Балалар қазір бізден неге қала қаңсырап тұр деп сұраса, бұрын мұнда қаншалықты жақсы өмір сүргенін айтамыз. Бірақ олар енді түсінбейді.

АЭС жайлы

Жаңалықтардан естігенде қуанамыз, әрине, бірақ енді үміт артпаймыз. Адамдар пәтер жалдау немесе сатып алу туралы сұрап, тіпті сол саламен айналыса бастады. Алматыдан да келеді. Құрылыс басталса, пәтерді қымбатқа сатуға болады деп үміттеніп жүр.

Тіпті корейлер де осыдан алты-сегіз жыл бұрын келіп, кеңсе ашты. Біз де бірдеңе саламыз деді. Іске жауапкершілікпен кірісті: жұмысшыларға жатақхана, кеңселер салды. Тіпті сонда біраз уақыт еден жуушы болып жұмыс істедім, жақсы болды: жалақысы жаман емес, уақытында берілді, асхана да жақсы, қыздарымыз аспаз болып жұмыс істеді. Сосын әп-сәтте бәрі жабылды.

Содан құрылыс басталса, қала қайта қайнап кетеді. Біреу сол МАЭС немесе АЭС жергілікті халықты жұмысқа алмайды дейді. Бірақ құрылыс кезеңінде адамдар қажет болады ғой. Мүмкін зауыттар, фабрикалар кейінірек пайда болар. Құрылыс тоқтағаннан бері қалада ештеңе салынбаған. Керісінше қирап жатыр.

Қазір бізді қоректендіріп жүрген Балқаш алаңдатады: соңғы бірнеше жылда көл таязданып, жағасы тартылып барады.

Ренішіміз бар. Біз ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Өмір сүріп — ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Осылай уақыт өтті.

Ренішіміз бар. Біз ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Өмір сүріп — ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Осылай уақыт өтті

Реніш жайлы

Әрине, реніш бар. Біз келдік, қала салдық, жастығымызды осында өткіздік. Сол кезде небәрі 25-те едік. Күттік әлі де күтіп жүрміз. Зейнетақы аз. Егер сол кездерді, сол тәжірибені ескерсе, зейнетақы жақсы болар еді. Ренішіміз бар. Біз ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Өмір сүріп — ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Осылай уақыт өтті.

Бірақ арты не болатынын біле тұра сол жылдарға оралсам да, осында қалар едім. Мен мұнда үйреніп қалдым. Күйеуім осында жерленген. Пәтеріміз де осында. Қайткенмен 41 жыл тұрып келе жатырмыз. Бірақ үлкеннен кеткендер қайта қайтпады. Мұндай оқиға есімде жоқ.

Қалаға жол

Тамараның әңгімесін жазып, біз тағы да қалаға шықтық. Қаланың бұрынғы өмірі туралы ностальгиялық жаңғырық ойға маза бермесе де, көпке созылмады. Күйген жер, бос үйлердің үнсіздігі, үй арасынан сығалап тұрған бос көкжиек есті тез жиғызды.

Бізден жүз метрдей жерде құрылысы бітпеген саман ғимарат көрінді. Бұрын сол жерде банк болуы тиіс-ті. Оның сол жағында бүйір қабырғаларында жарқыраған муралдары бар тоғыз қабатты үш ғимарат тұр. Бейне бір күңгірттік пен шаңға төтеп беріп жарық сыйлаған күн секілді. Тоғыз қабатты үйлердің кіре берісінде екі адам шүйіркелесіп тұр: біреуінің қолында темекі, екіншісінде — сыра. Олар Үлкенге Балқашта демалу үшін келген екен. Бірнеше подъезден кейін бір әйелді кездестірді. Бұл жақтың адамы емес екенін, туыстарына қонаққа келгенін айтты. Ал тұрғындардың өзі де бізбен жақын арада сөйлесер емес. Сөйтіп, ауыл төңірегіндегі тағы бірнеше рет айналдық.

Жолдың арғы жағында қаланың негізгі бөлігі орналасқан (Үлкеннің өзін 10-15 минутта жүріп өтуге болады). Бірақ сіз тек жолды ғана емес, сонымен қатар қала аллеясын да кесіп өтуіңіз керек. Ал оның ұзындығы — 100 метр, ені — 10 метр. Оның периметрі бойынша жер, ортасында брусчатка, ал соңында жағалау мен қыран бейнеленген ескерткіш бар. Шамсыз тіректер салбырыап тұр.

Аллеяның арғы жағында жиырма ғимарат бар. Жартысына жуығы қоныстанған — бір мектеп, екі қараусыз қалған балабақша, бір кондитер өнімдері сатылатын дүкен мен төрт азық-түлік дүкені, сұлулық салоны, асхана, қараусыз қалған суши мейрамханасы, қонақ үй, бірнеше бос жатақхананы санап шықтық.

Қала шетінде, мектептің артында 30 шақты гараж бар. 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында қақтау зауыты тұрғындарды табыспен қамтамасыз етті. Ысталған балық әлі де жақсы сатылып жүр. Қалада да, Үлкеннің өзінен жеті шақырым жердегі Алматы-Астана тас жолының бойындағы дүңгіршектерде де сауда қызу жүріп жатыр.

Ауылға кіре берістегі жағада, қоршаудың ар жағындағы салыстырмалы түрде жақсы ғимараттар бой түзеп тұр. Ол тұрғындардың көпшілігі жұмыс істейтін балық цехтары. Одан әрі қарасаңыз, жергілікті тұрғындардың екінші рет қараған жұмыс орны — жергілікті қосалқы стансаның электр желілерін көруге болады. Басқа желілерді көру үшін қаладан шығу керек — көбісі Қазақстанның түкпір-түкпірінде, негізінен елдің солтүстігі мен батысында ауысыммен жұмыс істейді.

Ең жақсы сақталған ғимараттың бірі — жергілікті мектеп. Ол 1500-ге жуық оқушыға арналған, бірақ күнде шаң басқан жолмен сабаққа 300-ден астам барады. Мектептің жанында балабақшаның қирандысы ғана көрінеді. Оның әлі де атқаратын функциясы бар: жергілікті балалар бұл жерді ойын алаңы қылып алған.

Ауылда кездескендердің барлығы — ойнап жүрген балалар не азық-түлік дүкеніне бара жатқан ересектер. Ауылда одан басқа тірлік жоқ.

Үлкен адамдары

Бос жатақханалар кезіп жүргенде бір кездері салынған тұрғын үй панельдері алдымыздан қайта шықты. Қолындағы бірдеңені қарап, әлдеқашан көшеде отыруңа айнлаған ескі орындықта жайғасқан қырық жас шамасындағы адамды кезіктірдік. Сұхбатқа оңай келісті, бірақ Астана тұрғыны айтары жоқ екенін жасырмады, ал қайын атасы 80 жастағы Николай Дмитриевич бәрін білетінін бірден ескертті. Ата көшеге қараған пәтер дәлізінен баяу басып шықты. Жанары зақымдалған қарт күйеу баласының көмегімен орындыққа жайғасып, әңгімесіне кірісті.

Николай Дмитриевич, зейнеткер

қала салуға келді

Мен 1942 жылы Симферополь қаласында дүниеге келдім. Туғанда жақын жерде бомба құлаған. Бірақ жарылған жоқ. Бес жасымда анам аштықтан өлген соң, мені Керчь қаласындағы балалар үйіне жіберді. Содан сол жерде техникумды құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп, мені Қазақстанға келуге, тың топырақты өсіруге көндірді. Солай осында келдім.

1964 жылы әскер қатарына шақырылдым. Мурманск облысында қызмет етіп, Қазақстанға оралдым, өйткені мені Қырымда ештеңе де, ешкім де күтпеді.

Енді мен қайда барамын?

Мен осында құқық вакуумде тұрамын. Мені ренжітеді, маған ешкім назар аудармайды, терезелерді сындырады. Мұнда 1987 жылы МАЭС салуға келдім. Мұндағы барлық үйлерді, барлық қоғамдық ғимараттарды: поштаны, мектепті, жергілікті әкімдікті (қазіргі жатақхана — ред.) салдым. Ал қазір мен шеттетілген адаммын. Мұнда тіпті адамдарды қосалқы шаруашылықтарға құлдыққа алып кеткен жағдайлар болды. Ақша болмағанша мұнда ешкім ештеңе істемейді, ешкім қозғалмайды. Ал кейін, менің ойымша, әлі де заңды нәрсе болады. Нақты әрі заңды.

Станция тұрғызса — әрине, жақсы болады. Электр станциясы колхоз ауласы емес. Тәртіп орнайды, қазір олай емес. Енді мен қайда барамын? Міне, балалар келді, үйді реттеп тазалап жатыр. Достарымның бәрі өлді. Мен өмір сүріп жатырмын. Соқырмын, ештеңе көрмеймін.

Әңгімемізді жақындап келе жатқан броун шуы бұзды: қолында колонка ұстаған адам бізге қарай бет алды. Оның таңы тым жақсы басталғаны көрініп тұр, әлі де көңілді таңды түске жалғастырғысы келіп тұрған секілді. Бейтаныс жігіт біздің әңгімемізге қосылғысы келді, бірақ Николай Дмитриевич музыканы ұнатпады, оның үстіне әңгіме де тоқетеріне жетіп қалған. Біз ары қарай жолымызды жалғастырдық. Үйдің бұрышдағы бұрылыстан шыға бергенде, бір адам кездесті. Айтуынша көлікпен азық-түлік алып келе жатыр. Бірден сөйлесіп кеттік.

Әмір, көрші ауданның тұрғыны

Үлкенді салуға келген

Мен болашақ Үлкенмен бірге өстім. 80-жылдары әскерден оралып, Чехословакияда борышымды өтеп, осында ауыл салуға келдім. Үйлер көз алдымызда саңырауқұлақтай өсті. Құрылысқа қажетті барлық материалдарды әкеліп үлгермедік. Адамдардың бәрі көңілді, үйлер толығымен қоныстан кез етін.

Одақ кезінде мұндай қирандылар пайда болмас еді. Жоқ, бұлай болмас еді. Бірақ біздің елде бәрі кенет орын алады (Одақтың ыдырауы — ред). Бұл жағдайдан зардап шеккен жалғыз біз емеспіз. Бүкіл Қазақстанда солай. Кейбір қалалар толығымен бос, қираған. Аллаға шүкір біз әлі де бармыз, өмір сүріп жатырмыз.

Адамдар мұнда бәрібір келеді. Мектеп бар, инфрақұрылым жұмыс істеп тұр. Кешқұрым Үлкенге шықсаң, топырлаған бала. Керемет көрініс емес пе?!

Құм басқан жолдарды ары қарай кезіп, қараусыз қалған балабақшаның алдындағы тұрғын үйлердің алдынан бір-ақ шықтық. Балконға дем алуға шыққан қартаң кісіні көзіміз шалды.

Сергей, зейнеткер

Қаланы салуға келген

Олар алдымен осында МАЭС, сосын АЭС салғысы келді. Бірақ соңында ештеңе салынбады. Күні-түні жұмыс істегенімен ештеңе болған жоқ. Алматы облысынан келдім. Ағам шақырды. Жалпы, мұнда Одақтың түкпір-түкпірінен адамдар жұмыс істеуге кетті. Жалақысы да жақсы болды. Жигулиге ақшаны оңай жинауға болатын.

Мұнда бәрі жақсы. Қалада да өмір солай

Содан кейін қайтқым келмеді. Мұндағы климат та қалаға қарағанда әлдеқайда жақсы. Егер Горбатый (Горбачев) бұл қайта құруды жасағанда, онда бәрі бұрыннан осында болар еді. Бірінші қазық қағылғанда, жұмыс жүрер еді.

Жастар жан-жақтан жұмысқа барып, вахталық әдіспен жұмыс істеп, кейін қайтады. Мұнда бәрі жақсы. Қалада да өмір солай.

Үлкенді аралаған сайын ауыл Припяттың егіз інісі болып көрінді. Тек онда айнала жасыл болса, мұнда құм мен саңырау дала. Бұл арада ауызға да құм толғандай көрінді, күн де басымызды күйдіріп бітті. Су алу үшін ең жақын дүкенге кірдік. Кассада шамамен 18 жастағы жігіт тұр, балалар шыныдан заттарды қарап әлек. Алғандары — сағыз пен ішетін сусын. Бірінің қолында — Barbie бояу кітабы, екіншісінде — ойыншық. Жігіт олардың затын есептей бергенде мен әңгімеге тарттым. Никита өте ашық адам болып шықты.

Никита, дүкенде жұмыс істейді

Үлкенде туған

Мен осында тудым, тоғызыншы сыныпқа дейін осында оқыдым. Кейін Алматыға кеттім, бірақ індет енді ғана басталып жатқан кезде үйқамақта отырмас үшін оқуымды осында бітірейін деп қайттым. Мектепті бітіріп, Мәскеуге оқуға кеттім. Бір жыл оқып, оны да тастадым: оқуым жақсы болды, бірақ маған адамдары ұнамады.

Көбінше ауылдан жастар кетеді, Қазақстанның басқа жерінде баспана, қаржы жинағандар немесе Ресейге көшу үшін де кетіп жатады. Негізінен зейнеткерлер қалғысы келеді. Олар мұндағы табиғатқа риза, үйреніп қалған. Кетуге тырысқандар да бар, бірақ олар ақшасы жетпей, жұмыс таппай басқа өлкеде тқра алмады.

Мен мұнда жазда ғана келемін, ата-анама дүкенмен көмектесемін. Біз де Алматыға толығымен көшпекшіміз. Барлығы сонда: біреулер қалаға, біреулер қала маңындағы ауылдарға көшіп жатыр. Бірақ кейде бізге де көрші ауылдардан адамдар келеді: Үлкенде су, жарық бар. Кей жерде ол да жоқ қой. Мысалы, көрші Шығанақта су 10-нан 4-ке және 6-дан 8-ге дейін беріледі.

Мұнда адамдар балық аулаумен, қосалқы станцияда, балық дүкендерінде, дүкендерде жұмыс істейді. Біреу тіпті үй қызметтерін көрсетіп, маникюр жасайды

Көңіл көтеретін орындар аз. Әдетте біз көл жағасында серуендейміз, көлікпен қыдырамыз. Қазір аллея ашылды, негізінен онда балалармен аналар серуендейді. Кейде біреу бір нәрсені ашуға тырысады, бірақ бұл қиын, дамымайды. Мысалы, суши кафесі болды, бірақ бәрі тез жалығып кетті, онда баруды қойды.

Адамдар балық аулаумен, қосалқы станцияда, балық дүкендерінде, дүкендерде жұмыс істейді. Біреу тіпті үйде қызмет көрсетеді, мысалы, маникюр жасайды. Анда-санда туристер келеді: кейбірі тек суға түсіп қайтса, бірі тіпті қонақүйге орналасады. Кейбіреулер құрылыс туралы хабар шыққаннан кейін қаладағы жылжымайтын мүлікке, жалға алуға қызығушылық танытты. Бұрынғы талқылаулардың бәріне ешкім мән бермеді, жыл сайын қолға алынғанның бәрі іс жүзінде онған жоқ. Қазір бәрі басқаша. Көбінің үміті бар.

Адамдар, меніңше, шын мәнінде ештеңемен өмір сүрмейді. Барлығы олар үшін үйреншікті, ыңғайлы. АЭС салынса, қала сонша кеңейеді деп ойламаймын. Менің ойымша, ары кетсе осы жағдайдағыдай өмір сүреміз. Жай ғана үй-жұмыс-үй-жұмыс болады.

Осында тұру үшін бізге кафелер, саябақтар, сауда орталықтары, шағын кәсіпорындар, қандай да бір базалық инфрақұрылым, мемлекеттік мекемелер керек. Бірақ мұнда кім инвестиция құяды?

Үлкеннің арғы шетінде (бірінен екіншісіне дейін жол он минуттан аспайды) біз ерлі-зайыптыларға тап болдық. 30-35 жастағы ер адам орындыққа ішімдікті сіміріп отыр, қасында әйелі мен оның құрбысы, баласы мезгіл-мезгіл жүгіріп келіп, дүкеннен бірдеңе сатып алуға рұқсат сұрап жүр. Біздің әңгімені подъезден шыққан бір жігіт тоқитатты. Сырт келбетіне қарағанда ол Үлкеннің адамдарынан бөлек. Сөйтсек, шыынмен де жергілікті емес болып шықты.

Адам (есімі өзгертілген) майниң компанияда жұмыс істейді

Түркия азаматы

Мені осында жұмысқа жіберді: компания пәтер жалдады, алты айдан бері осында тұрамын. Қазір Түркияда — энергетикалық дағдарыс, ол жақта майниң ісімен айналысу мүмкін емес. Үлкен майниң инфрақұрылымының қолайлылығы мен электр қуаты бағасының арқасында таңдалды. Жақында электр қуаты одан да азырақ қажет болады — жаңа технологиялар пайда болады. Сондай-ақ заңды жұмыс істеу үшін жерді жалға алуға тура келеді. Алматыда мен Астанада бұл әлдеқайда қымбат болар еді. Қазір біз үкіметтің барлық рұқсаттарын күтіп отырмыз. Соңғы қатаңдау сұр майнерлерге ғана емес, біз сияқты заңды майнерлерге де әсер етті. Қолданыстағы заңнаманың кейбір аспектілері майнерлерді елге жолатпауы мүмкін. Қазақстан үкіметі бұған жол бермейді деп ойлаймын.

Халықтың жағдайы қиын: тұрғындар 100-150 МЫҢ ТЕҢГЕге өмір сүреді, бірақ қалыпты өмір үшін кем дегенде 300 мың теңге қажет екенін мойындайды

Қазір байқағанымдай, олар жемқорлықпен, монополиямен күресті белсенді қолға алды. Бұл керемет бастама. Әрине, бәрі бірден шешіледі деп күтуге болмайды, даму процесі біраз уақытты алады. Қазақстан мемлекеті мен оның халқы өте жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне күмәнім жоқ. Мен қандай жағдайда да Қазақстанды қолдаймын. Бұл біздің бауырлас ел. Қазақстанда бірдеңе болып жатса, Түркиядағы жаңалықтарды қызыға оқып, қарап отырамыз.

Бір ғана байқайтыным, жағымсыз сыңшы көп. Негізінде Түркияда да солай. Конструктив сыннан қорықпау керек соның арқасында ғана жағдайды жақсартуға болады. Даму үшін заман мен халықаралық стандарттарға сай болу қажет.

Мұндағы адамдар мейірімді, қолдан келген көмекті аямайды. Көбісі кеткісі келмейді: олар басқа жерде болған жоқ, туған жерінде тұрып үйренген. Мен осында тұрғалы барлығының станция құрылысын қалай күтіп отырғанын байқадым. Халық болса, құрылыс экономикалыө, мәдени дамуға серпін береді деп сенеді. Халықтың жағдайы қиын: тұрғындар әрқайсысы 100-150 мың теңге алады, бірақ қалыпты өмір сүру үшін кем дегенде 300 мың теңге қажет екенін мойындайды. Қазір Үлкендегі жалғыз әлеуметтік белсенділік — жаңа аллеямен серуендеп, басқа тұрғындармен әңгімелесу.

40 жыл бұрын не болды. Қазір жылда болып жатқан жағдай қандай

40 жыл бұрын не болды. Қазір жылда болып жатқан жағдай қандай

Ресми түрде Үлкен Кеңестік Қазақстан аумағындағы тағы бір моноқалаға айналуы тиіс еді. Бәлкім, Одақ кезінде бұл орын алса, қала өмір сүрер еді. Себебі алпауыт елге энергия ресурстары қажет болды, ал шалғай жерлерде жұмыс істейтіндерге ақшаны көбірек төлейді.

Бірақ жобаның күйреуімен бұл ешкімге қажет болмады — ол кезде Қазақстанға мұндай қуат көлемі қажет емес еді және экспорт есебімен мұндай ауыр құрылыс жобасының идеясы негізсіз тәуекел болып көрінді.

Қазақстан 20 жыл мемлекеттік бағдарламалар бойынша қалай өмір сүрді

Читать

Соған қарамастан, қалада маэс құрылысы жалғасады, сосын аэс салады деген сыбыс болды. шешім 90-жылдың аяғында қабылданды, бірақ кейін құрылыстан бас тартты, халық та аэс-ке қарсы болды. 2000 жылдардың соңында көмірмен жұмыс істейтін электр станция салу туралы әңгіме болды. Бұл өліп жатқан ауылдың өмір сүруіне тағы да ынта берді. Тіпті 2014 жылдың аяғында Қазақстан мен кореялық Samsung компаниясы арасында құны 2,5 миллиард доллар болатын су электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылды. Алдын ала құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бірақ іс одан әрі ілгерілеген жоқ — 2016 жылы корейлер жобадан шығып кетіп, Қазақстан шамамен 200 миллион доллар жоғалтты. Ресми себеп: мұнай бағасының төмендігі мен реттеуші органдар шешімінің кешігуі. Бірақ халық арасында шенеуніктер жай ғана көп ақша талап еткен деген қауесет бар. Бір қызығы, Samruk Energy 2017 жылдық есебінде Samsung-пен жоба әлі де белсенді деп танылды.

Бірақ Үлкен сияқты жерлерде қала құратын кәсіпорындар болмаса да, тұрмыс жақсара түсу керек еді. Қазақстанда моноқалаларды дамытуға арналған 141 миллиард теңгеге мемлекеттік бағдарлама бар: мұндай жерлерде жұмыссыздық 5 пайызға дейін төмендейді, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар 6 пайыздан аспайды деп жоспарланған болатын, ал белсенді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны төрт есе өсер еді.

Умирающие города: Как правительство хотело спасти моногорода и их жителей

Читать

Бағдарлама 2015 жылы жабылып, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына біріктірді. Бағдарлама қандай да бір жолмен ерекше табысқа әкелмеді. Енді моноқалалар мәселесі өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында шешілуі тиіс. Бірақ мәселені шешудің негізгі жолы оны шешуден бас тарту сияқты. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды «әлеуеттің толық таусылуын» күтпей-ақ, басқа, болашағы зор өңірлерге көшіруді тапсырды.

Өкініштісі — Үлкен бірінші мемлекеттік бағдарламаға қосылмады, қазіргі ұлттық жобада да жоқ. Бағдарлама санатына сай келсе де, яғни 40 жыл бойы бірде-бір кәсіпорын салынбай, халық саны 10 мыңға жетпесе де, қосылмады Нәтижесінде ауыл қазақ Припятына айналды. Ал мұндай деңгейге түсу үшін атом электр станциясын салудың да қажеті жоқ болып шықты.

Мыңдаған тағдырлар осыдан 40 жыл бұрын ортақ мақсат — тұтас қала тұрғызу үшін тоғысты. Қала құрылды. Дегенмен, соңғы 20 жыл бойы тұрғындар өз қаласы біреуге керек болар деген үмітпен өмір сүріп, оның құлдырауын тамашалап келеді.

Бұл контент Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. The Village Казахстан ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID-тың немесе Америка Құрама Штаттары үкіметінің немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.